Дивертикулез – бұл ішек қабырғалcында дивертикул деп аталатын өспе тәрізді құрылымның (ішек дивертикулы) өсіп шығуымен сипатталатын ауру.
Көбіне бұл патология ішек қабырғасының құрылымының бұзылуына байланысты туындайды. Ішектің дивертикулезі ешқандай белгі бермеуі немесе жағымсыз сезімдер тудырып, асқынып, шұғыл емдеуді қажет етуі мүмкін.
Аурудың себептері
Дивертикулездің дамуына жасқа байланысты ағзадағы өзгерістер, өмір салты, тамақтану ерекшеліктері әсер етеді. Негізгі себептері мыналар:
- Тамақ рационындағы жасұнық (клетчатка) жеткіліксіздігі. Ас құрамында өсімдік жасұнықтарының аз болуы ішектің перистальтикасының баяулауына әкеледі. Бұл ішектің ішкі қысымын арттырып, дивертикулдардың түзілуіне ықпал етеді.
- Жасқа байланысты өзгерістер. Жас ұлғайған сайын ішек қабырғаларының серпімділігі төмендеп, өспелердің шығуына (дивертикулдарға) бейім болады.
- Тұқым қуалайтын бейімділік. Егер отбасында дивертикулезбен ауырғандар болса, бұл аурудың даму қаупі артады.
- Артық салмақ пен аз қимылдау. Семіздік пен қозғалыссыз өмір салты да дивертикулездің пайда болуына әсер етеді.
- Созылмалы іш қату. Үнемі күшену ішек қабырғасына қысым түсіріп, дивертикулдардың пайда болуына түрткі болуы мүмкін.
Ішектің жедел дивертикулярлық ауруының белгілері
Аурудың бастапқы кезеңінде ішектің дивертикулезі симптомсыз өтуі мүмкін. Алайда, ауру дамыған сайын мынадай белгілер байқалуы мүмкін:
- Іштің төменгі бөлігіндегі (жиі сол жақта) ауыру сезімі. Ауырсыну үзіліспен немесе тұрақты түрде болуы мүмкін.
- Нәжістің бұзылуы: іш қату мен іш өту немесе екеуі кезек-кезек болуы мүмкін.
- Газ түзілу, оның жиілеуі, іштің кебуі.
- Тоқ ішектің толық босамағанын сезіну.
- Кейде нәжісте қанның қосындысы байқалуы мүмкін.
Асқынған жағдайда (мысалы, дивертикулит – дивертикулдардың қабынуы), ауру белгілері айқындала түседі: дене қызуы көтеріледі, ауырсыну күшейеді, улану белгілері байқалуы мүмкін.

Классификациясы және даму сатылары
Дивертикулезді келесі белгілер бойынша жіктеуге болады:
- Дивертикулдардың шығу тегіне байланысты:
○ Туа біткен дивертикулез – ішек құрылымының генетикалық ерекшеліктеріне байланысты дамиды.
○ Жүре пайда болған дивертикулез – өмір сүру барысында сыртқы факторлардың әсерінен қалыптасады.
- Клиникалық ағымына байланысты:
○ Симптомсыз – айқын шағым тудырмайды.
○ Клиникалық көріністер байқалады – іш ауыруы, іш өту не іш қату сияқты белгілермен қатар жүреді.
○ Асқынған түрі – дивертикулит, абсцесс, ішектегі қан кету сияқты жағдайларды қамтиды.
- Даму сатыларына байланысты:
○ Жасырын саты – дивертикулдар бар, бірақ белгілер байқалмайды.
○ Клиникалық саты – шағымдар бар, бірақ асқынбаған.
○ Асқыну сатысы – өткір кезеңдегі қабыну, қан кету немесе басқалай асқынады.
Ішектің дивертикулезінің асқынулары
Дивертикулез уақтылы емделмесе, мынадай ауыр асқынуларға әкеп соқтыруы мүмкін:
- Дивертикулит — дивертикулдардың қабынуы. Қатты ауырсынумен және дене қызуының көтерілуімен жүреді.
- Ішектен қан кету — нәжісте қан араласуы байқалады.
- Абсцесстер — қабынған дивертикул аймағында іріңді ошақтардың түзілуі.
- Дивертикулдың перфорациясы — ішек қабырғасының жарылуы перитонитке алып келуі мүмкін.
- Жыланкөз (свищ) түзілуі — ішек пен басқа мүшелер (мысалы, қуық) арасында патологиялық байланыс қалыптасады.
Асқынған кезде шұғыл медициналық көмек көрсету қажет, себебі науқастың өміріне қауіп төнеді.
Ауруды диагностикалау
«Дивертикулез» диагнозын қою үшін келесі диагностикалық әдістер қолданылады:
- Гастроэнтерологтің клиникалық тексерісінен өту керек. Дәрігер анамнез жинап, іш аймағын саусақпен басып көріп, тексеріп, ауырсыну ошақтарын анықтайды.
- Құрсақ қуысы ағзаларының УДЗ және КТ. Қабыну немесе абсцесстер сияқты асқынуларды бағалау үшін қолданылады.
- Қан мен нәжіс талдаулары. Қабыну немесе ішектен қан кету белгілерін анықтауға көмектеседі.
- Проктологтің тағайындауы бойынша колоноскопия. Ішек дивертикулдарын визуалды түрде тексеріп, олардың жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.
- Ирригоскопия. Контрастты зат қолданылатын рентгендік зерттеу, ішек құрылымындағы өзгерістерді анықтайды. (тек көрсетілімдер бойынша тағайындалады)
Дивертикулезді емдеу әдістері
Дивертикулезді емдеу тәсілі аурудың сатысы мен ауырлығына, сондай-ақ науқастың жалпы жағдайына байланысты жеке таңдалады.
Консервативті ем
- Негізгі терапия — өсімдік жасұнығына бай диета, ол ішектің қызметін қалыпқа келтіруге және іш қатудың алдын алуға көмектеседі.
- Ішектің моторикасын жақсарту үшін арнайы дәрілік заттар (прокинетиктер) тағайындалады.
- Пробиотиктер ішек микрофлорасын қалпына келтіруге көмектеседі және қабыну қаупін төмендетеді.
- Жедел қабыну кезінде антибиотиктер тағайындалады. Емдеу курсын толық сақтау өте маңызды, себебі бұл аурудың өршуіне жол бермейді.
- Кей жағдайларда спазмолитиктер ауырсынуды азайту үшін ұсынылады.
Физиотерапия
- Қосымша шара ретінде физиотерапия ішек аймағындағы қан айналымын жақсартып, тіндердің қалпына келуін тездетуге ықпал етеді.
- Дәрігердің ұсынысы бойынша магнитотерапия, ультрадыбыстық ем немесе электрофорез әдістері қолданылуы мүмкін.
Кешенді емдеу тәсілі дивертикулездің белгілерін жеңілдетіп қана қоймай, болашақта болуы мүмкін асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Хирургиялық араласу (тек стационар жағдайында)
- Жедел асқынулар, перфорация, ішектен қан кету немесе абсцесстердің түзілуі дамыған жағдайда ота жасау қажет.
- Негізгі әдіс – зақымданған ішек бөлігін алып тастау және оның қызметін қалпына келтіру. Қазіргі заманғы хирургиялық тәсілдер операцияның жарақат алу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
- Шұғыл жағдайларда ішектің қалыпты анатомиясын кейіннен қалпына келтіру үшін стома қою қажеттілігі туындауы мүмкін.
Қандай дәрігерге жүгіну керек?
Ішектің жедел дивертикулезінің белгілері пайда болған жағдайда, асқынулардың алдын алу үшін мүмкіндігінше ертерек дәрігерге қаралу маңызды. Бұл аурудың диагностикасы мен емімен айналысатын дәрігер — гастроэнтеролог.
Алғашқы қабылдауда дәрігер анамнез жинап, шағымдарды талдап, қажет болған жағдайда УДЗ (іш қуысы ағзаларының ультрадыбыстық зерттеуі) және басқа да зерттеулерді тағайындайды. Егер ауру қабыну немесе қан кетумен асқынған болса, проктолог-хирургтың кеңесі қажет болуы мүмкін.
Іштің ауыруы, іш қату немесе нәжісте қан байқалуы сияқты белгілерді елемеуге болмайды — дер кезінде дәрігерге қаралу нақты диагноз қоюға және тиімді ем алуға мүмкіндік береді.
Ауру кезінде тамақтану ерекшеліктері
Диета ішек дивертикулезін емдеуде және оның алдын алуда негізгі рөл атқарады, себебі ол асқазан-ішек жолының жұмысын қалыпқа келтіруге және өршу қаупін азайтуға көмектеседі.
Тамақтану жоспарына мынадай тағамдарды қосу ұсынылады:
- Жасұныққа бай тағамдар: көкөністер, жемістер (алма, алмұрт), дәнді-дақылдар, кебек. Жасұнық ішек перистальтикасын жақсартады және іш қатудың алдын алады.
- Жеңіл сорпалар, қышқыл сүт өнімдері (айран, йогурт) — ішек микрофлорасын сақтауға көмектеседі.
- Күніне 2 литрге дейін су ішу — нәжістің қатуынан сақтайды.
Тыйым салынады:
- Майлы, қуырылған, ащы тағамдар — ішекке түсетін жүктемені күшейтеді.
- Ұсақ дәндері бар өнімдер (дәнекті жидектер, күнжіт) — дивертикулдарға тұрып қалуы мүмкін.
- Алкоголь және газдалған сусындар — ішек шырышты қабығын тітіркендіріп, жағдайды нашарлатады.
Дұрыс тамақтану режимін сақтау дивертикулдардың қабыну қаупін төмендетеді, жалпы жағдайды жақсартады және асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Алматы қаласында ішек дивертикулезі қайда емделеді?
Ішек дивертикулезін диагностикалау және емдеу үшін Алматы қаласындағы On Clinic медициналық орталығына жүгінуге кеңес береміз. Клиника:
- Заманауи әдістерді қамтитын кешенді диагностика жасау
- Тәжірибелі гастроэнтерологтардың консультациясы
- Жеке емдеу схемалары
- Науқастарға ыңғайлы мекенжай және жайлы орта ұсынады
Қабылдауға On Clinic сайты арқылы жазылуға болады. Клиника дәрігерлері нақты диагнозды анықтап, емдеу жоспарын жасап, сапалы медициналық көмек көрсетеді.